Аида Балаева қазақстандықтарды Аналар күнімен құттықтады

Министр отбасы құндылықтарына ерекше тоқталды

Аида Балаева қазақстандықтарды Аналар күнімен құттықтады
Фото: akorda.kz

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ел тұрғындарын Аналар күнімен құттықтады. Мамырдың екінші жексенбісінде атап өтілетін бұл мерекеде министр отбасы құндылықтарына ерекше тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өз құттықтауында Аида Балаева ана бейнесінің қазақ мәдениетіндегі орны бөлек екенін атап өтті.

«Ананың ақылы мен өнегесі, сабыры мен мейірімі арқылы ұрпақтан ұрпаққа құрмет, ізет, жанашырлық, жауапкершілік сияқты асыл құндылықтар жалғасып келеді. Бұл құндылықтар – халқымыздың рухани тұтастығы мен елдігіміздің берік негізі», — деді Аида Балаева.

Министр Қазақстанда ана мен баланы қорғау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, әлеуметтік қолдау жүйесін дамыту, мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру және «Жауапты ата-ана» бағдарламаларын ілгерілету көзделген.

Аида Балаева ананың шексіз махаббаты мен қолдауы бала үшін тұтас бір әлем екенін атап өтіп, барша аналарға алғыс білдірді. 

«Аналарымыз аман,шаңырақтарымыз шаттыққа толы болсын! Анамызбен бірге өткізген әрбір сәттің қадірін терең сезіндіретін мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға жылулық, махаббат, береке-бірлік пен амандық тілеймін», — деп түйіндеді сөзін министр.