Өскеменде бір апта бұрын жоғалған жігіттің мәйіті табылды
Жігітті іздестіру жұмыстары аяқталды
Өскемен қаласында Үлбі өзеніне батып кеткен жас жігітті іздестіру жұмыстары аяқталды. Шығыс Қазақстан облыстық ТЖД құтқарушылары 2003 жылы туған азаматтың мәйітін 9 мамыр күні тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы жағдай 3 мамыр күні болған. Құтқарушылардың мәліметінше, жас жігіт Үлбі өзенінің шомылуға арналмаған, жабдықталмаған тұсында суға түскен. Марқұмның мәйіті оқиға болған жерден шамамен екі шақырым жерде, Степное ауылының маңындағы таяз тұстан табылды.
Жас жігітті табу үшін бір апта бойы ауқымды іздестіру шаралары жүргізілді. Бұл жұмысқа төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, полиция өкілдері мен еріктілер , сондай-ақ жағалау сызығын бақылау үшін арнайы пилотсыз ұшу аппараттары қатысты.
Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындарына су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды
ескертеді.