Шкаф ішінде: Атырауда ҚТЖ басшысының кабинетінен құпия бөлме табылды (ВИДЕО)
Шкафтың ішіндегі есіктің ар жағынан дауыстар естілген
Атырау облысында ҚТЖ филиалының басшысы Аралбай Қосымбаевтың кабинетінен құпия бөлме табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметтерге сүйенсек, кәсіпкерлер мен блогерлер филиал басшысының жеке қабылдауына кірмек болғанмен, түсініксіз жағдайға тап болған.
Азаматтарды қабылдау күні белгісіз ер адам Аралбай Қосымбаевтың кабинетіне кіруіне мүмкіндік бермеген. Ол кәсіпкерлерге филиал жетекшісі телефонмен сөйлесіп отырғанын айтқан. Алайда кабинет ішінде ешкім болмағанын видеодан байқауға болады.
Дегенмен блогерлердің ерекше назарын кабинеттегі шкаф аударған. Шкафты ашқанда ішінен құпия бөлменің есігі анықталған. Сол сияқты қабырғаның ар жағынан бөгде дыбыстар естілген көрінеді.
Кабинетті тексеру сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тез тарап, қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті.
Кәсіпкерлер мемлекеттік мекемелерде мұндай бөлмелердің болу заңдылығын тексеруді, сондай-ақ филиал қызметкерлерінің әрекетіне баға беруді талап етіп отыр.