Құрылтай мен оның депутаттары туралы заң жобасы 1 шілдеден бастап күшіне енуі мүмкін

Парламент бірінші оқылымда заң жобасын талқылап жатыр

Құрылтай мен оның депутаттары туралы заң жобасы 1 шілдеден бастап күшіне енуі мүмкін
Фото: Azattyq Ruhy

Парламентте бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы»  Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы жаңа Конституциямыздың нормаларын жүзеге асыру мақсатында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді.  Заң жобасының басты мақсаты – бірпалаталы Құрылтайдың конституциялық – құқықтық негізін бекіту. Құрылтай ұғымының тарихи қойнауына үнілетін болсақ, бағзы замандардан бері Құрылтай халық билігінің бастауы және бұқара елдің, қарапайым адамдардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға тікелей қатысуға мүмкіндік беретін келелі де киелі жиын болды», – деді Айдос Сарым Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Ол еліміздің тарихи болмысын ескере отырып, бүгінгі күні біз ел билігінің жүйесінде «Парламент» сөзін «Құрылтай» ұғымына ауыстырып қайта енгізіліп отырғанын айтты.

«Алайда заманауи Құрылтай, бұрынғы тарихи Құрылтайды қайта құру емес. Қазіргі Құрылтай заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мән-мағынаға ие болып, қоғамдық биліктің конституциялық жүйесіне кіретін қазіргі заманғы өкілді институт. Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, пропорционалдық жүйе бойынша сайланады және  олардың өкілдік мерзімі – 5 жыл болады. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, Еуропа елдерінде осындай модельге бетбұрыс бар, себебі мынадай жүйе қоғамның динамикасын некұрлым толық көрсетеді.Әлем елдерінде бір палаталы парламентке көшу - заң шығару процессінің ашықтығы мен саяси жауапкершілігін арттыруға деген ұмтылыспен байланысты», – деді ол.

Айдос Сарым атағандай, тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, жоғарғы палаталар әдетте, өңірлердің өкілдігін қамтамасыз ету немесе терең әлеуметтік дағдарыс жағдайында қосымша сүзгі ретінде құрылған.

«Ал Парламенттің бір палаталық жүйесі институционалдық инерцияны төмендетеді, өйткені заң жобалары бір жерде қаралады және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік палатар арасында шашырамайды.Өз кезегінде, бұл саяси процесті қоғам үшін неғұрлым түсінікті етіп, Құрылтайдың жеке және партиялық жауапкершілігін күшейтеді.Құрылтай туралы заң жобасында ұсынылған барлық нормалар ел Президенті Қ.К. Тоқаев жария еткен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына толық сәйкес келеді.  Сонымен қатар, заң жобасы Құрылтайдың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызметінің қағидаттарын, құрылымын, қалыптастыру тәртібін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін жүзеге асыру нысандарын айқындайды», –деді ол.

Сондай-ақ, Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылаудың тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреті белгіленеді.

«Бұдан басқа, заң жобасы Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды, сондай-ақ депутаттардың мәртебесін, олардың құқықтары мен міндеттерін бекітеді, оның ішінде депутаттық бірлестіктерді қалыптастыру, парламенттік көпшілік пен оппозиция, депутаттық әдеп қағидалары мәселелерін қамтиды. Сонымен бірге заң жобасында Құрылтай – Қазақстан Республикасы Парламентінің құқықтық мирасқоры болатыны туралы тиісті норма бар.Заң қабылданып күшіне енетін болса, Парламент Мәжілісіне енгізілген заң жобаларын Құрылтай осы Конституциялық заңға және Құрылтайдың Регламентіне сәйкес қарайды.Заң жобасы осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді», – деді ол.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Конституциялық заңының және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» 1997 жылғы 7 мамырдағы Заңының күші жойылады.