Оралдағы автосалонда жүк көтергіш үзіліп, төрт адам зардап шекті

Зардап шегушілер дереу қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген

Оралдағы автосалонда жүк көтергіш үзіліп, төрт адам зардап шекті
Фото: ТЖМ

Орал қаласындағы Шолохов көшесінде орналасқан автосалондардың бірінде қайғылы жағдай болды. Ғимарат ішіндегі жүк көтергіш механизмнің үзілуі салдарынан төрт адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 16 сәуірде болған. Ғимараттың нөлінші қабаты мен екінші қабаты арасында қатынайтын қолдан жасалған көтергіштің тросы үзіліп кеткен. Сол сәтте ішінде болған төрт әйел биіктен құлап, түрлі дене жарақаттарын алған. Зардап шегушілер дереу қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.

Бұл дерек бойынша БҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті арнайы зерттеу жұмыстарын қолға алды. Тексеру 24 сәуірде басталып, 30 күнге созылмақ.

«Оқиғаның мән-жайы мұқият зерттелуде. Кешенді тексеру жүргізіліп, тиісті баға беріледі», — деді департамент басшысының орынбасары Арман Түйгінбетов.

Қазіргі уақытта өңірлік денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен әйелдердің денсаулық жағдайы туралы ресми ақпарат берген жоқ. Мамандар құрылғының техникалық қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай болғанын анықтап жатыр.