Көкшетауда мемлекеттік бағдарламамен үй алғандар 3 жылдан бері құжатсыз отыр

Олардың дені – көпбалалы және аз қамтылған отбасылар

Көкшетауда мемлекеттік бағдарламамен үй алғандар 3 жылдан бері құжатсыз отыр
Фото: © istockphoto.com

Көкшетау қаласындағы әлеуметтік баспана тұрғындары үш жыл бұрын берілген пәтерлеріне әлі күнге дейін заңды құжат ала алмай жүр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болған көпбалалы және аз қамтылған отбасылар жалдау шартының жоқтығынан тұрақты тіркеуге тұра алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тұрғындардың айтуынша, баспана берілген кезде шенеуніктер ауланы абаттандырып болған соң құжаттарды тапсыруға уәде берген. Алайда, арада үш жыл өтсе де, жағдай өзгермеген. Керісінше, үйдің сапасы күн санап нашарлап барады. 

«Пәтерлердің қабырғалары жарылып, терезелерден жел соғады. Сатылар қирап, кейбір үйлерде еден ортасына түсіп кеткен. Аулада ашық құдықтар көп, балалар ойнайтын орын жоқ»,— дейді Анастасия Окименко. 

Тұрғындар қолдарында ешқандай заңды құжат болмаса да, коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеуге мәжбүр екендіктерін атап өтті.

«Егер келісімшарт болмаса, біз не үшін төлеуіміз керек? Ауа үшін бе? Шенеуніктердің құр уәдесінен шаршадық», — дейді қала тұрғыны Алтынай Нұрғалиева.

Әкімдік не дейді?

Көкшетау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғазизованың сөзінше, үй құрылыс бөлімінен тұрғын үй қатынастары бөліміне беріледі. ХҚКО арқылы пәтерлердің техникалық паспорттары дайындалып, тұрғындармен келісімшарт жасалады.

Қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Қожагелдинов ауланы абаттандыру жұмыстары тамыз айында аяқталатынын жеткізді. Онда жарықтандыру, орындықтар орнату және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.

Әкімдік өкілдері пәтер құжаттарын бір айдың ішінде беруге уәде берді.