Астанада 18 жастағы студенттің өліміне қатысты сот басталды

Қайғылы жағдай Астанадағы түнгі клубтардың бірінің маңында болған

Астанада 18 жастағы студенттің өліміне қатысты сот басталды
Фото: © istockphoto.com

Елордада түнгі клуб маңында аяусыз өлтірілген Әди Шөкеевтің өліміне қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы жағдай желтоқсан айында Астанадағы түнгі клубтардың бірінің маңында болған. Жәбірленушінің анасы Толқын Шөкееваның айтуынша, Әдиді екі жақтан соққыға жығып, кейін жерде жатқанда тепкілеген. Жас жігіттің миына қан құйылып, жүрегі тоқтап қалған. Ол кезде жәбірленушінің 18 жасқа толғанына небәрі 3 күн болған еді.

Қазіргі таңда екі күдікті ұсталған. Оның біреуі құқық қорғау органының қызметкері болған.

«Бұл жай ғана төбелес емес, бұл — аяусыз кісі өлтіру. Олар заң алдында ең қатаң жазаны алуы тиіс», — дейді марқұмның анасы.

Сот процесі бірнеше рет кейінге шегерілген. Себебі — айыпталушылар өз бет-әлпеттерін БАҚ беттерінде жариялауға тыйым салуды талап еткен. Бұл жағдай кезекті отырыста да қайталанды.

Қорғаушы Дамир Ишмаметовтың айтуынша, тергеу нұсқасы бойынша екі күдікті де сол түні мас болған. Оқиғаның басталған сәті куәгерлердің видеосына түсіп қалған, алайда туыстары іс материалдарында басқа бейнежазбалардың жоқтығына алаңдаулы.

Марқұм Әди Шөкеевтің отбасы әділдік іздеп Аягөз қаласынан әр сот отырысына келеді. Олар әр жолы елордаға жету үшін 1200 шақырымды еңсереді.

Қазіргі уақытта сот тергеуі жалғасуда. Егер күдіктілердің кінәсі толық дәлелденсе, олар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.