Еліміздің бірнеше қаласында ауа сапасы нашарлайды
Онда өндірістік қалдықтар мен көлік түтіні сейілмей, ауада тұрып қалады
7 мамыр күні еліміздің бірнеше өңірінде қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауа сапасы нашарлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, зиянды заттардың ауаның төменгі қабатында жиналуына ықпал ететін метеорологиялық факторлар Алматы, Балқаш, Өскемен және Семей қалаларында байқалады.
Сондай-ақ, 7 мамырға қараған түні Қарағанды, Теміртау және Ақтөбе қалаларында да ауаның ластану деңгейі жоғарылайды деп күтілуде.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай деген не?
ҚМЖ – бұл атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың шоғырлануына әкелетін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Оған көбіне әлсіз жел, тұман және инверсия жатады. Мұндай жағдайда өндірістік қалдықтар мен көлік түтіні сейілмей, ауада тұрып қалады.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.