Семейде ер адамның гаражынан қап-қап марихуана табылды (ВИДЕО)

Ол Қазақстанның оңтүстігінен жеткізілген

Семей қаласында мамыр айының басында елдің оңтүстік өңірлерінен жеткізілген каннабис тобына жататын есірткі арнасы анықталды. Жүргізілген тінту шаралары барысында 35 жастағы жергілікті тұрғынның гаражынан жалпы салмағы 154 килограмм болатын аса ірі көлемдегі марихуана анықталып тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Есірткі одан әрі Абай облысы аумағында тарату мақсатында целлофан қаптамаларына оралған.

Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар барлық күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.

«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ ескертеді: есірткі жеткізу арналарын құрудың кез келген әрекеті қатаң түрде тоқтатылады. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.