Өскеменде аспалы көпір құлап, бірнеше адам зардап шекті
Көпір қазіргі уақытта уақытша жабылды
Өскемен қаласында аспалы көпірлердің бірі құлап, 8 адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиға 7 мамыр күні сағат 20:30 шамасында Өскемен қаласындағы Карбышев көшесінде болды. Оқиға кезінде көпір үстінде 8 адам, оның ішінде төрт кәмелетке толмаған жасөспірім болған.
Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдайлар қызметі мен жедел жәрдем бригадасы жетті. Зардап шеккендер дәрігерлердің тексеруінен өтті. Ауыр жарақаттар тіркелген жоқ, тек жеңіл сырылып, көгергені анықталды.
«Қазіргі уақытта зардап шеккендердің барлығына қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Жағдай Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға балалардың көпірді тербетіп ойнауы себеп болған. Кәмелетке толмағандар конструкцияны шайқағандарын мойындаған, соның салдарынан көпір төсеміне зақым келген», – делінген әкімдік хабарламасында.
Қазіргі уақытта көпір келушілер үшін уақытша жабылады.
Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен «Самал» саябағын қайта жаңғырту жұмысы жоспарланған. Жоба аясында аспалы жаяу жүргіншілер көпірінің конструкциясын жаңарту және күшейту қарастырылған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жөндеу жұмыстары басталғанға дейін және толық аяқталғанға дейін нысанға кіру шектеледі.