Оралда сот сарапшысы жалған қорытынды бергені үшін 3 жылға сотталды

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Оралда сот сарапшысы жалған қорытынды бергені үшін 3 жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Орал қалалық соты Батыс Қазақстан облысы бойынша Сот сараптамалары институтының сарапшысы М. Жонысовқа қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Іс материалдарына сәйкес, сарапшы өз қорытындысында марқұмның денесінде жарақат жоқ екенін, сондай-ақ мәйіттің шіру үдерістеріне байланысты өлім себебін анықтау мүмкін еместігін көрсеткен.

Алайда кейін жүргізілген эксгумациядан соң, Астана қаласының сот-медициналық сарапшылары жасаған комиссиялық сараптама барысында марқұмның тірі кезінде алған көптеген дене жарақаттары анықталды. Атап айтқанда, қабырғалары мен тіл асты сүйегінің сынғаны белгілі болды.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамағанымен, мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдейтін нақты әрі бұлтартпас айғақтарды ұсынды.

Нәтижесінде, сот бастапқы сараптамалық қорытынды шынайы деректерге сәйкес келмегенін және тергеу органдарын жаңылыстырғанын анықтады.

Сот үкімімен М. Жонысов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы 1-бөлігі (сарапшының көрінеу жалған қорытынды беруі) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 2 ай 12 күн мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.