Павлодардағы емхана алдына кезекке тұрған халыққа қатысты денсаулық басқармасы түсініктеме берді
Кезекті реттеу үшін холлда үш электронды терминал орнатылған
Павлодардың денсаулық сақтау басқармасы Павлодардағы «Poliklinika № 1» ЖШС алдында халық нөпірінің ентелегеніне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Олардың айтуынша, емхананың жұмыс күні сағат 08:00-де басталады. Пациенттердің ыңғайлылығы үшін ғимаратқа кіру 07:30-дан бастап ашық.
«Сағат 08:00-ден бастап емханада кезекші әкімші жұмыс істейді, ол пациенттердің ағымын үйлестіріп, қажетті көмек көрсетеді. Кезекті реттеу үшін холлда үш электронды терминал орнатылған, олар арқылы флюорография, ЭКГ, қан тапсыру және дәріханаға талон алуға болады. Сонымен қатар, негізгі терминалдардың бірі істен шыққан жағдайда пайдалануға арналған қосымша резервтік терминал бар. Қан талдауларын алу бекітілген учаскелерге сәйкес бір уақытта төрт кабинетте жүргізіледі. Процедуралық кабинеттердің жұмыс уақыты 08:00-ден 10:00-ге дейін. Қабылдау талон алған соңғы пациентке дейін жалғасады», - деп хабарлады басқарма.
Дәріхана белгіленген режимде 08:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді, дәрі-дәрмек тапшылығы тіркелмеген.
«Таңғы уақытта кейде пациенттер көп жиналады, алайда күн барысында олардың саны біртіндеп азаяды. Емханаға тіркелген халық саны 62 000-нан асады, орташа қабылдау мүмкіндігі күніне 750 адамға дейін жетеді», - дейді олар.