Қазақстанда жедел жәрдем көліктері жол ережесін бұзған өзге көліктерді тіркей алады
Мәжілісте заң жобасы талқыланды
Қазақстанда қызметтік автокөліктерге, соның ішінде жедел жәрдем машиналарына, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды тіркейтін құрылғылар орнатуға рұқсат беру жоспарланып отыр. Бұл туралы жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелеріне қатысты заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева мәлімдеді.
Оның айтуынша, заң жобасы қызметтік көліктерге құқық бұзуды тіркеу құралдарын орналастыру мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Қазіргі таңда мұндай мүмкіндік жедел жәрдем көліктеріне берілмек.
«Жедел жәрдем көліктері қала ішінде қозғалған кезде жиі басқа жүргізушілердің жол бермей, кедергі келтіретін жағдайларына тап болады. Кейде олар жедел жәрдем көлігін қысып, қозғалысына тосқауыл жасайды. Мұндай әрекеттер тек көліктің өзіне ғана емес, оның ішіндегі медицина қызметкерлері мен тасымалданып жатқан науқастар үшін де қауіпті», – деді Смышляева Мәжілістегі брифингте.
Депутаттың пікірінше, мұндай тіркеу құралдарын орнату жедел жәрдем көліктеріне қатысты жол қозғалысы ережелерінің сақталуын тиімді бақылауға және олардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, жедел жәрдем көліктері шақыртуларға жедел жетіп қана қоймай, жолдағы құқықбұзушылықтарды да тіркей алатын болады.