Автомектепке қойылатын талап күшейеді: жаңа заң жобасы нарықты қалай өзгертеді

Құжат жүргізушілерді даярлау мен жеке деректерді қорғауды күшейтуді көздейді

Автомектепке қойылатын талап күшейеді: жаңа заң жобасы нарықты қалай өзгертеді
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, жол қауіпсіздігі және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліс отырысында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева құжаттың негізгі мақсаты қоғамдағы қауіпсіздік сұранысына жауап беру екенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар жолда да, аулада да, цифрлық ортада да өзін қауіпсіз сезінуі тиіс.

«Заң жобасы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Ол үшін жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіру, салаға заманауи цифрлық құралдарды енгізу және цифрлық ортадағы қауіпсіздікті күшейту көзделіп отыр», – деді депутат.

Оның сөзінше, құжат аясында бірқатар нақты нормалар ұсынылған:

  • Біріншіден, жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін техникалық құралдарды пайдалану тәртібі нақтыланады.
  • Екіншіден, автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Атап айтқанда, олардың жұмысына рұқсат беру тәртібі енеді. Бұл үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделген.

«Рұқсат алу үшін автомектептерде қажетті материалдық-техникалық база, оқу алаңдары, оқу көліктері және білікті оқытушылар болуы тиіс», – деп нақтылады Смышляева.

Сонымен қатар, рұқсат алған оқу ұйымдарының мемлекеттік тізілімін құру ұсынылады. Бұл тізілім олардың қызметін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Тізілімді жүргізу ішкі істер министрлігі құзыретіне беріледі. Бұдан бөлек, заң жобасында медициналық мәліметтердің жекелеген түрлерін ІІМ деректер базасына енгізу қарастырылған.

Құжатта жеке деректерді қорғау мен киберқауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, жеке деректер операторларын тәуекел деңгейіне қарай санаттарға бөлу ұсынылады.

«Операторлар шағын, орта және ірі болып бөлінеді. Ірі операторларға және жабық деректермен жұмыс істейтін ұйымдарға деректерді қорғау бойынша жоғары талаптар қойылады», – деді депутат.

Осылайша, заң жобасы аясында жеке деректер саласында тәуекелге негізделген реттеу моделі енгізілмек.