«А» деген кім? – Мақсат Толықбай автомектепте ілініп тұрған жеке адамның QR-кодына жылына кемі 5-6 млрд теңге түседі дейді

Депутат жүргізуші куәлігін алу кезіндегі күмәнді төлемдер мәселесін қозғады 

«А» деген кім? – Мақсат Толықбай автомектепте ілініп тұрған жеке адамның QR-кодына жылына кемі 5-6 млрд теңге түседі дейді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай автомектептердегі көлеңкелі қаржы айналымы мәселесін қозғап, ішкі істер министрінің өкіліне сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол жүргізуші куәлігін алу процесінде азаматтардан негізгі оқу ақысынан бөлек, қосымша төлем алынатынын айтты. 

«Қазір әрбір азамат жүргізуші куәлігін алу үшін шамамен екі жарым ай автомектепте оқуға міндетті. Бұл – дұрыс. Бірақ одан бөлек, автомектеп ішінде QR-код арқылы 8,5 мың теңге төлеу талап етіледі. Бұл төлемнің автомектепке де, ресми жүйеге де қатысы жоқ», – деді депутат.

Оның айтуынша, жыл сайын шамамен 670 мың адам жүргізуші куәлігін алуға өтініш береді. Егер әрқайсысы осы соманы төлесе, жылына кемі 5-6 млрд теңге жеке адамның қалтасына құйылатын көрінеді. 

«Бұл қаражат шетелде тұратын жекелеген тұлғаның пайдасына түсіп жатыр деген ақпарат бар. Мұндай жағдай көлеңкелі қаржы айналымы мен ықтимал делдалдық схемаларға ұқсайды емес пе? Автомектептер арқылы әр азаматтан міндетті түрде қосымша қаражат жинау кімнің бастамасы? Шетелде тұратын А. есімді тұлғаның мұндай көлемдегі жүйені жалғыз өзі ұйымдастыруы мүмкін емес деген пікір бар. Демек, бұл процесте өзге де мүдделі тараптардың болуы ықтимал ба? Санжар мырза, менің сұрағым: осы заңсыз қаржы айналымын қашан тоқтатасыздар? Бұған қатысты бұған дейін ресми тексеріс басталатыны айтылған еді. Қазіргі таңда тексеріс қай кезеңде және қашан нақты нәтижелер күтіледі?», – деді Мақсат Толықбай.

 Депутат сондай-ақ мұндай схеманың артында ұйымдасқан құрылым болуы мүмкін екенін айтып, жауапты органдардан нақты шаралар қабылдауды талап етті.

Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселе бойынша тексеріс басталғанын мәлімдеді.

«Бұл мәселе жұмыс топтарында да айтылған. Қазіргі таңда Әкімшілік полиция комитеті тарапынан қызметтік тексеріс басталды. Біз мұндай делдалдар мен заңсыз төлемдерге жол бермеу керек деп санаймыз. Тиісті шаралар қабылданады», – деді Әділов.

Министрлік өкілі автомектептер қызметінде қандай да бір «арадағы делдалдардың» болмауы тиіс екенін атап өтті.