Депутат көлігін аула ішінде қыздыратындарға салынатын айыппұлды жою мәселесін қозғады
Ішкі істер министрлігі депутаттың ұсынысына қатысты пікір білдірді
Қазақстанда қыста аула ішінде көлігін қыздыратын қазақстандықтарға айыппұл салуға қатысты ереже өзгеруі мүмкін. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дмитрий Колода қолданыстағы шектеулерді қайта қарап, қыс мезгілінде көлікті қыздырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бір жыл бұрын ғана қоғамда көлікті қыздырғаны үшін айыппұл салу нормасы қызу талқыға түскен еді. Біз бұл мәселені шешудің түрлі нұсқаларын ұсынып отырмыз. Осы заң жобасында біз елді мекендерде қыс мезгілінде көлікті қыздыруға тыйымды толық алып тастауды ұсынамыз. Алайда тиісті белгімен белгіленген тұрғын аймақтарда шектеулер сақталады. Бұл ұсынысқа көзқарасыңыз қандай?», – деді Колода Мәжілістің пленарлық отырысында.
Ішкі істер министрлігінде бұл мәселе жұмыс топтарында қаралғанын хабарлады.
«Шынында да, бұл ұсыныс талқыланды, жұмыс топтары өтті. Қысқаша айтсам, Ішкі істер министрлігінің ұстанымы: бұл ұсыныстар қолдау табады», – деп жауап берді ІІМ вице-министрі Санжар Әділов.
Ведомство бұл бастама заңнамаға енетін түзетулер аясында әрі қарай қаралатынын нақтылады.