«Қазцинктегі» жарылыстан зардап шеккен адамның денесінің 90%-ын күйік шалған: Өскеменге Астанадан дәрігерлер көмекке барды
«Қазцинк» компаниясының қорғасын зауытындағы жарылыс кезінде жұмысшы ауыр күйік алған
1980 жылы туған ер адам жансақтау бөлімінде аса ауыр жағдайда жатыр. Оның денесінің 90 пайыздан астамын күйік шалған, соның ішінде тыныс алу жолдары мен көздің қасаң қабығы да зақымданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екінші зардап шеккен 1974 жылы туған ер адам омыртқаның бел бөлігінің компрессиялық сынуымен ауруханаға жатқызылды.
Еске салайық, 5 мамыр күні таңертең Өскемендегі «Қазцинк» ЖШС-нің қорғасын зауыты аумағында электролиз цехының балқыту бөлімінде жарылыс болып, 120 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Сондай-ақ цех конструкциялары 220 шаршы метр аумақта опырылған. Құтқарушылар жеткен кезде цех ашық отпен жанып жатқан.
Оқиға салдарынан екі адам – балқытушы Ержан Камалиев пен жабдықтарды жөндеу шебері Олжас Рамазанов қаза тапты. Ауруханаға бес адам жеткізілді, олардың үшеуі тексеруден кейін дене жарақаттарымен үйіне жіберілді. Тағы екі адам аса ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып берді.
ТЖМ оқиға орнынан түсірілген кадрларды жариялады. Өскеменнің өнеркәсіп аймағы маңында бұлт пайда болғаннан кейін ШҚО экология департаментінің мамандары жағдайды бағалау үшін оқиға орнына барған.
Өскемендегі «Қазцинк» зауытындағы жарылыстан кейін ШҚО полициясы еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Өскемендегі жарылысқа байланысты қажетті тапсырмалар беріп, жағдайды жеке бақылауына алды.
ШҚО әкімі төтенше жағдайды тергеу үшін арнайы комиссия құруды тапсырды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі.