Маңғыстау облысында балалардың терезеден құлауы жиілеген — ресми статистика
2026 жылдың алғашқы үш айында өңірдегі ауруханаларға терезеден құлаған 8 бала түскен
Маңғыстау облысында балалардың терезеден құлау деректерінің артуы мамандарды алаңдатып отыр. Құтқарушылар ата-аналарды бала қауіпсіздігіне бей-жай қарамауға және бақылауды күшейтуге шақырды, , деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
2026 жылдың алғашқы үш айында өңірдегі ауруханаларға терезеден құлаған 8 бала түскен. Өкінішке қарай, алған жарақаттарының ауырлығынан екі бала қайтыс болған.
Салыстырмалы түрде 2025 жылы барлығы 31 жағдай тіркелген (1 бала қаза тапқан).Оларға бас сүйек-ми жарақаты, түрлі деңгейдегі сынықтар деген секілді диагноздар қойылған.
Құтқарушылардың талдауынша, қайғылы жағдайлардың көпшілігіне баланың ересектердің қарауынсыз қалуы мен терезедегі торды берік тірек деп қабылдауы себеп болып отыр.
«Қайғылы жағдайды болдырмау үшін терезелерге арнайы қауіпсіздік құлыптарын орнату керек. Сонымен қатар баланың терезеге шығуына көмектесетін жиһаздарды терезе маңынан алыс қойған дұрыс»,— деп атап өтті мамандар.