Қазақстандық оқушылар Грекияда математикадан өтетін олимпиадада бақ сынайды
Дода 3-8 мамыр аралығында өтеді
Грекияның Салоники қаласында 3-8 мамыр аралығында беделді Балқан математика олимпиадасы өтеді. Әлемнің 25 елінен жиналған 150-ден астам дарынды оқушының арасында Қазақстан құрамасы да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл зияткерлік жарыс оқушылардың математикалық қабілетін ұштап қана қоймай, оларды зерттеуші ретінде ойлауға баулиды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, биылғы додаға Албания, Болгария, Кипр, Грекия, Румыния, Сербия және Түркия сияқты тұрақты мүшелерден бөлек, Еуропа мен Азияның шақырылған командалары қатысады.
Қазақстан құрамасы бұл додаға бірнеше жылдан бері қатысып келеді және тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп, мықты қатысушылардың қатарынан көрініп жүр.
Биыл ел намысын халықаралық деңгейде қорғайтын жас математиктер анықталды. Олардың қатарында Алматы қаласынан Haileybury мектебінің 12-сынып оқушысы Тимур Мұрат, Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Батырхан Бейганов, сондай-ақ Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы Әли Еркебұланұлы бар.
Сонымен қатар Астана қаласынан «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Сұлтанали Әлиасқар ел намысын қорғайды. Қызылорда облысынан С. Шаухаманов атындағы «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Арнұр Аңсатов, ал Атырау облысынан «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Бердібек Орынбасар үздіктер қатарынан көрінді.
Командаға Асылбек Исахов және Мұхтар Қабақ жетекшілік етеді.
Балқан олимпиадасы 2026 жылғы 10-21 шілдеде Шанхайда өтетін Халықаралық математика олимпиадасына дайындықтың шешуші кезеңі.