Павлодарда қызын өлтірді деп айыпталған әкеге қатысты сот басталды

Ер адам қызының өзінен туғанына күмәнданып, сәбиді айлар бойы қинап келген

Павлодарда қызын өлтірді деп айыпталған әкеге қатысты сот басталды
Фото: © istockphoto.com

Павлодар облысының Тереңкөл ауданында өз қызын аяусыз өлтірді деп айыпталған 26 жастағы ер адамға қатысты сот отырысы басталды. Тергеу мәліметтері бойынша, ер адам қызының өзінен туғанына күмәнданып, нәтижесінде сәбиді айлар бойы қинап келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy irbistv.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың қыркүйек айында болған. Алайда, айыптау актісіне сәйкес, балаға жасалған зорлық-зомбылық қаңтар айында басталған. 

Прокурордың мәлімдеуінше, әкесі үш жасар қызды түні бойы кереуетке шарфпен байлап тастап, жүйелі түрде соққыға жығып отырған.

Қылмыс болған күні ер адам көршісінің моншасында ішімдік ішіп, кейін қызын үйіне алып кеткен. Ол жерде баланы бірнеше рет ұрып, қайтадан қонаққа алып келген.

«Сағат 22:00 шамасында мас ер адам моншаның алдында тұрып, баланың өзінен туғанына күмәндануы және сәбидің белсенді мінез-құлқына ашулануы салдарынан қылмысқа барған. Әйеліне кек сақтаған ол баланы көтеріп, бетон еденге бар пәрменімен лақтырып жіберген», — деді Павлодар облысы прокурорының көмекшісі Елена Корнева.

Ер адам қызын ауруханаға өзі жеткізгенімен, дәрігерлер сәбидің өмірін сақтап қала алмады. Кішкентай қыз бауырының жыртылуы мен ішкі қан кетуден көз жұмған.

Қазіргі уақытта күдіктіге «Қинау» және «Адам өлтіру» баптары бойынша айып тағылып отыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сотталушы өз кінәсін мойындамай отыр.