Қазақстан соңғы 15 жылда Даниядан 10,7 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алған
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Дания Корольдігіне жұмыс сапарымен барды
Қазақстан соңғы 15 жылда Даниядан 10,7 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Дания Корольдігіне жұмыс сапары барысында Қазақстан-Дания дөңгелек үстеліне қатысты.
Талқылау қорытындысында екі ел бизнесіне ортақ ықпалдастықтың басым бағыттары айқындалды. Нәтижесінде «Даттық голштин» асыл тұқымды қауымдастығы мен «QazaqSut» ірі қара малдың сүтті және аралас тұқымдары жөніндегі республикалық палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат Даниядан жоғары өнімді асыл тұқымды ірі қара малдың жеткізілімін тұрақты қамтамасыз етуге, сондай-ақ сүтті мал шаруашылығына озық технологияларды трансферлеуге арналған. Бұл бағыттағы әріптестік бұрын да өз тиімділігін көрсеткен. 2011-2025 жылдар аралығында аталған мемлекеттен елімізге 10 780 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелінген.
Осы жылдың басынан жеткізілімдер жаңа инвестициялық жобалар мен саланы дамыту бағдарламалары аясында жалғасып жатыр.
«Келісімдер мен қол қойылған меморандум Қазақстан мен Дания арасындағы тәжірибелік серіктестікті тереңдету жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Бұл тұрақты әрі технологиялық тұрғыдан бағдарланған агроөнеркәсіптік әріптестіктің дамуына қосымша серпін береді», – деді Аманғали Бердалин.