Көкшетаудағы жол апаты: төрт адамның өліміне себепкер болған жүргізуші сотталды

Ол жылдамдықты шектен тыс асырған

Көкшетаудағы жол апаты: төрт адамның өліміне себепкер болған жүргізуші сотталды
Фото: © istockphoto.com

Көкшетауда жол ережесін өрескел бұзып, төрт адамның өмірін қиған жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты. Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты ер адамды 5 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот мәліметтеріне сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылдың тамыз айында «Астана-Петропавловск» тас жолында болған. Жүргізуші Ш. қалааралық жолаушылар тасымалымен айналысып, көлігіндегі үш адамның қауіпсіздік белдігін тағуына мән бермеген. Ол жылдамдықты шектен тыс асырып, басып озу маневрін жасау кезінде қарсы бетке шығып, апаттық жағдай туғызды.

Жүргізушінің жауапсыздығының салдарынан ол қарсы бағыттағы Т. есімді азамат басқарған көлікпен бетпе-бет соғылған. Соққы салдарынан қарсы беттегі көлік жүргізушісі мен оның үш жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Сонымен қатар, айыпталушының өз көлігіндегі үш жолаушы түрлі дәрежедегі жарақаттар алған.

Сот жүргізушіні ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

Сот шешімімен кінәлі азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасы кесілді. Сонымен қатар жәбірленуші тараптардың пайдасына 5 миллионнан 8 миллион теңгеге дейін моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.