Елена Рыбакина бүгін Олимпиада чемпионына қарсы ойнайды
Қазақстанның бірінші ракеткасы турнирдің үшінші айналымында Чжэн Циньвэньге қарсы шығады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 26 сәуірде WTA 1000 Madrid Open турнирінің үшінші айналымында Қытай теннисшісі Чжэн Циньвэньмен кездеседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
23 жастағы Чжэн Циньвэнь – 2024 жылғы Олимпиада чемпионы. Сол жылы Dior сән үйі оны әлемдік амбассадор ретінде таңдаған. Бұдан бөлек, 2024 жылғы маусым қорытындысында спортшы шамамен 5,56 млн доллар көлемінде жүлде қаржысын еншіледі.
Алайда қытайлық теннисші соңғы кезеңде тұрақты ойын өрнегін көрсете алмай жүр. Ол өткен маусымның аяқ шенін және биылғы жылдың басын шынтақ жарақатына байланысты өткізіп алған. Қайта оралғаннан кейінгі ең жоғары нәтижесі – Доха мен Майамидегі WTA 1000 турнирлерінде үшінші айналымға дейін жету. Сонымен қатар, ол Мадрид корттарында әзірге үшінші айналымнан әрі аса алған емес.
Қос теннисші бұған дейін 11 ақпанда Дохада өткен WTA 1000 турнирінде жолыққан. Тартысты өткен матч 2 сағат 27 минутқа созылып, 4:6, 6:2, 7:5 есебімен Рыбакинаның пайдасына аяқталған.
Кезекті кездесу бүгін, Қазақстан уақытымен сағат 23:00-де басталады.