Ақмола Қылмыстық-атқару жүйесінің 12 қызметкеріне қатысты іс қайта қаралады

Бұған дейін алқабилер бұл қызметкерлерді екі мәрте ақтап шыққан болатын

Ақмола Қылмыстық-атқару жүйесінің 12 қызметкеріне қатысты іс қайта қаралады
Фото: © istockphoto.com

Көкшетауда бұған дейін алқабилер сотымен екі рет ақталған Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды. Бұл жолы мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға жаңа бап бойынша айып тақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, бастапқыда 12 қызметкер ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы 3-бөлігі 1-тармағы («Азаптау») бойынша айыпталған болатын. Алайда басты сот талқылауы барысында прокурор айыпты жаңартып, оны ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлігі 1, 2-тармақтарына ауыстырды.

Сотталушыларға жаңа айыптау актісін тапсыру үшін сот отырысында 2026 жылдың 4 мамырына дейін үзіліс жарияланды.

«Жаңа айыптау актісі оқылғаннан кейін сотталушы Ж. белгісіз затпен білек тұсын тіліп жіберді. Оған сот шақыртқан жедел жәрдем өкілдері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Дәрігерлер қарағаннан кейін сотталушы үйіне жіберілді (ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр), қазір оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», — деп хабарлады мекеме өкілдері. 

Айта кетейік, бұған дейін алқабилер бұл қызметкерлерді екі мәрте ақтап шыққан болатын.