«Таза Қазақстан»: Семейде 5 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды

Семей аумағында әлі күнге дейін жойылмаған 2 заңсыз қоқыс үйіндісі бар

«Таза Қазақстан»: Семейде 5 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды
Фото: © istockphoto.com

Семей қаласында аумақтарды абаттандыру ережелерін сақтау және қоғамдық орындардың ластануына жол бермеу бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облыстық Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Мейірбек Нұрекеновтің мәліметінше, жыл басынан бері барлығы 4 660 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 4 292 хаттама толтырылған. Оның ішінде 4 129 адамға ескерту берілсе, 163 құқық бұзушыға айыппұл салынған. Ортақ пайдалану орындарын ластау дерегіне байланысты 368 әкімшілік хаттама рәсімделген. 

Тәртіп сақшылары бұл бағытта бейнебақылау камераларын пайдалануда. Облыс орталығындағы 1 931 камераның 1 013-і қоғамдық тәртіпті бақылауға бағытталған. Солардың көмегімен көше тазалығын бұзған 291 дерек әшкереленді.

Экологиялық талаптарды сақтау мақсатында жергілікті атқарушы органдарға заңсыз қоқыс үйінділерін жою туралы 25 хабарлама жіберілген. Қазіргі уақытта Семей қаласында, сондай-ақ Бесқарағай, Көкпекті, Бородулиха, Ақсуат және Жаңасемей аудандарында тиісті жұмыстар атқарылуда.

Алайда, полиция мәліметінше, Семей аумағында әлі күнге дейін жойылмаған 2 заңсыз қоқыс үйіндісі бар.

«Экологиялық құқық бұзушылық – бұл қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және келешек ұрпаққа төнген қауіп. Табиғатты қорғау — бәрімізге ортақ міндет», — деп атап өтті мекеме өкілдері.