$ 493.85  571.78  6.25
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбеде екінші сынып оқушысы ашық тұрған құдыққа түсіп кетті

Ол жарты сағат бойы көмек күткен

Ақтөбеде екінші сынып оқушысы ашық тұрған құдыққа түсіп кетті
Фото: © istockphoto.com

Ақтөбе қаласының Қарғалы тұрғын үй алабында мектеп оқушысы тереңдігі үш метрлік ашық құдыққа құлап, жарты сағат бойы көмек күткен. Оқыс оқиға кезінде баланың жылаған дауысын кездейсоқ өтіп бара жатқан жас жігіт естіп калған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқиға қалай болды?

Куәгерлердің айтуынша, ашық жатқан құдық бұған дейін тек ескі дөңгелек қаптамасымен белгіленіп тұрған. Қатты жел кезінде 7 жасар бала артымен жүріп бара жатып, байқаусызда құдыққа құлап кеткен.

«Ұлым көршінің үйінен келе жатып, баланың жылаған дауысын естиді. Құдыққа үңілгенде ішінде бала жатқанын көрген. Дереу көршілерді шақырып, арықша келген жасөспірімді құдыққа түсіріп, баланы матамен байлап сыртқа шығарып алды», — дейді қала тұрғыны Орынша Бейсенбекова.

Қазіргі таңда зардап шеккен оқушы ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Баланың анасы Әйгерім Русанованың айтуынша, ұлы қатты шошынған және денсаулығына зақым келген.

Дене температурасы төмендеп, гипотермия белгілері байқалған; Бассүйек-мидың жабық жарақаты бар деген күдік бар; Тобығын қайырып алған.

Әйгерім Русанова полицияға арыз түсірді. Ол құдықтың иесін анықтап, жауапқа тартуды талап етіп отыр. Айтуынша, бұл нысан екі жыл бойы ашық жатқан, бірақ оқиғадан кейін жарты сағаттың ішінде жауып қойған.

Құдық кімге тиесілі?

«Aqtobe su energy group» АҚ өкілдері бұл нысанның олардың теңгерімінде емес екенін мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, құдық «Әлихан Ойл» ЖШС тиесілі. Қазіргі таңда құзырлы органдар істің мән-жайын анықтап жатыр.