Қарағандыда көлік ішінде әйелді пышақтап өлтірді: 2 баланың анасы көз жұмды

34 жастағы әйелдің денесі автокөліктен табылды, 35 жастағы күдікті ұсталды

Қарағандыда көлік ішінде әйелді пышақтап өлтірді: 2 баланың анасы көз жұмды
Фото: Әсет Құндақбаев

Қарағандыда автокөлік салонынан 34 жастағы әйелдің пышақ жарақаты бар мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қаладағы Төлепов көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелдің денесі тұрақта тұрған көліктің ішінен анықталған. Марқұмның артында 2 баласы қалған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол жылжымайтын мүлік саласында еңбек етіп, тұрақты табыс тауып, өз күнін өзі көріп жүрген. Оның қазасы жақындары мен таныстары үшін ауыр соққы болған.

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы негізінде іс қозғалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Жедел-іздестіру шаралары барысында 35 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қылмыстың нақты себебі әзірге белгісіз. Полиция өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін мәлімдеді.