Демалыста қыс лебі: қар мен үсік қайта оралады

25–27 сәуірде жауын күшейіп, кей өңірлерде бұршақ пен қатты жел күтіледі

Демалыста қыс лебі: қар мен үсік қайта оралады
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 25–27 сәуір күндері ауа райы күрт құбылып, бірқатар өңірде жаңбыр, қар аралас жауын-шашын және үсік күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдағы күндері ел аумағына жылжитын циклон жырасы тұрақсыз ауа райын қалыптастырады. Соның әсерінен республиканың басым бөлігінде жауын-шашын күшейіп, найзағай ойнауы ықтимал. Солтүстік өңірлерде жаңбыр аралас қар жауып, кей аймақтарда бұршақ түсуі мүмкін. Жел күшейіп, жекелеген аумақта екпінді сипат алады.

Түнгі және таңғы уақытта тұман түсіп, көріну қашықтығы төмендейді. Бұл әсіресе жол қозғалысына қосымша қауіп төндіруі мүмкін.

Синоптиктердің болжамынша, 26 сәуірде батыс пен солтүстік-батыста, ал 27 сәуірде солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнгі уақытта ауа температурасы 0…-2°C дейін төмендеп, үсік жүреді.

Күндізгі температура да айтарлықтай құбылады. Солтүстікте +10…+15°C, орталықта +10…+18°C, шығыста +7…+20°C, ал оңтүстікте +15…+25°C шамасында болады. Батыс өңірлерде, керісінше, ауа райы біртіндеп жылып, температура +7…+15°C-тан +15…+20°C-қа дейін көтеріледі.

Жалпы, алдағы демалыс күндері Қазақстанда көктемнің орнына қыс ызғары қайта сезіліп, ауа райы тұрақсыз сипатта сақталады.