Ақтауда жасөспірімдер жаппай төбелес ұйымдастырды
20-шағын ауданда болған оқиғаға қатысқандар анықталып, ата-аналары жауапкершілікке тартылды
Ақтауда жасөспірімдер қатысқан жаппай төбелес бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Lada.kz ақпарынша, оқиға қаланың 20-шағын ауданында болған. Көпқабатты үйдің ауласында бірнеше адамнан құралған топ екі жігітке шабуыл жасап, оларды соққыға жыққан. Жергілікті тұрғындардың бірі болған жағдайды терезеден видеоға түсіріп алған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірімдер анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Құқық қорғау органдары олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, мән-жайды жан-жақты тексеріп жатыр.
Тексеру нәтижесінде кәмелетке толмағандардың заңсыз әрекеттері мен ата-аналардың тәрбиелік міндеттерін тиісінше орындамағаны анықталып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жиналған материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауына жолданды. Сонымен қатар, оқиғаға қатысқан жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылып, олардың отбасыларымен жұмыс жалғасатыны айтылды.