ЖИ және deeptech-технологиясына қатысты тағы да 100 мың маман даярлауымыз керек – Тоқаев
Тоқаев цифрландыру және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үдерісі ауқымды өзгерістерге жол ашқанын айтты
Мемлекет басшысы күзде Қазақстанда Astana AI Film Festival атты тағы бір маңызды халықаралық байқау ұйымдастырылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл креативті индустрияның дамуындағы іргелі өзгерістерді көрсететін жаһандық деңгейдегі алғашқы іс-шара болмақ. Жасанды интеллект шығармашылық табиғатына түбегейлі бетбұрыс әкеледі, өзін танытудың жаңа формаларын ашады әрі таланттардың алдынан шығатын кедергілерді азайтады. Қазақстан осы жаһандық жаңашылдықтардың бел ортасында болуға ұмтылады. Сонымен қатар жасанды интеллект әсерінен креативті индустрия жойылады, қазіргі күйінде сақталмайды деген пессимистік болжамдарды ескеру керек. Сондықтан барлық үрдісті бақылап, өзгерістерге дер кезінде бейімделу қажет. Фестивалді ұйымдастыру Қазақстанды халықаралық аренадағы инновациялар мен жасампаз бастамалар орталықтарының бірі ретінде көрсету үшін өте маңызды», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үдерісі ауқымды өзгерістерге жол ашқанын айтты.
«Сондықтан біз азаматтардың әлеуетін арттыруға, оларға цифрлық дағдыларды үйретуге баса мән беріп отырмыз. Бүгінде 650 мыңнан астам студент Al Sana бағдарламасымен білім алып жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект және deeptech-технологиясына қатысты тағы да 100 мың маман даярлауымыз керек. Биыл елімізде жаңа үлгідегі технологиялық білім ордасы – Жасанды интеллект университеті ашылады. Бұл ғылым саласы үшін маңызды оқиға болмақ. Енді алдымызда тұрған өзекті міндет: біз осы салада білікті маман даярлау ісіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Дарынды жастарды тартып, оларға сапалы білім беру қажет. Сондай-ақ келешегі зор технологиялық жобалар мен компанияларға қолдау көрсету айрықша маңызды. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесі де еліміз үшін тиімді болары анық», – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, ұшқыр ой мен терең білім сынға түсетін мұндай додалардың берері мол
«Мазмұнды әрі тартысты жарыстар арқылы жаңашылдық, ізденімпаздық, жасампаздық құндылықтары кеңінен дәріптеледі. Қоғамда жаңа технологиялық мәдениет қалыптасады. Alem.ai battle сайысына мектеп оқушылары, студенттер, жас ғалымдар және IT саласының мамандары қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау көрсетті. Байқау аясында дарынды азаматтарымыз денсаулық сақтау жүйесі, білім беру саласы және жасанды интеллект модельдерін үйрету мәселесіне қатысты инновациялық шешімдер ұсынды. Сондықтан бұл сайысты озық идеялардың бәсекесі десек, қате болмайды. Осындай шаралар сіздерді кәсіби тұрғыдан шыңдайды, елімізде және әлемде сұранысқа ие болатын маңызды жобаларды іске асыруға жол ашады деп сенемін. AI Governance Cup байқауының да мән-маңызы айрықша. Бұл сайыста жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару ісіне енгізуге арналған іргелі бастамалар ұсынылды. Соның ішінде медициналық куәландыру жүйесін автоматтандыру, интеллектуалдық прокурорлық қадағалау, педагогтерді қолдау жүйелерін ерекше атап өтуге болады. Мұның бәрі идея немесе пилоттық жоба деңгейінде қалып қоймауы керек. Негізгі мақсат – озық идеялар мен бастамаларды мемлекеттік құрылымдардың қызметіне кезең-кезеңімен енгізіп, жұмыстың тиімділігін арттыру. Осыған баса назар аудару қажет. Осындай беделді байқауларда жүлделі болу – шын мәнінде, үлкен жетістік. Сіздердің жеңістеріңіз – үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің жемісі екені сөзсіз. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет жаңашыл, жасампаз азаматтарға зор үміт артады, әрдайым қолдау көрсетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.