Цифрландыру және ЖИ жылы: Тоқаев маңызды міндеттерді атады

Президент жастарды Қазақстанның жарқын болашағы деп атады

Цифрландыру және ЖИ жылы: Тоқаев маңызды міндеттерді атады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент елімізде қоғамның барлық саласын қамтыған ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

«Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл, ең алдымен, еліміздің келешегі үшін өте маңызды және тарихи қадам болды. Азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз мұны жақсы түсінеді. Олар республикалық референдумға белсене қатысып, Ата заңды қолдап, дауыс берді. Жұртымыз бір қоғам болып жауапкершілік пен отаншылдық рухының озық үлгісін көрсетті. Тұғырына қонған жаңа Конституцияда халқымыздың бірегей болмысы, басты құндылықтары мен биік мақсаттары көрініс тапты. Бүгін осы жиынға ел жастары, білімді, білікті, зияткер азаматтар қатысып отыр. Мен сіздерді Қазақстанның жарқын болашағы деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы озық ойлы жастар елімізді биік белестерге бастап, ұлтымыздың мерейін өсіретініне сенім білдірді.

«Халық Конституциясы – өскелең ұрпаққа жол көрсететін темірқазық. Жаңа Ата заңымыз – Әділетті Қазақстанның мызғымас тұғыры. Заң мен тәртіп қағидаты мемлекетіміздің өзегіне, ұлт санасының арқауына айналды. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы халқымыздың туған жерге, тұмса табиғатқа деген қамқорлығын күшейтті. Елімізде қоғамдық маңызы бар жұмысты міндет емес, қастерлі парыз санайтын нағыз жанашыр азаматтар көбейді. Біз оларды еріктілер немесе волонтерлер деп атаймыз. Міне, осы құндылықтардың бәрі де Халық Конституциясының преамбуласына арнайы жазылды. Мемлекеттің басты байлығы – адам. Сондықтан адам капиталын дамыту конституциялық міндет ретінде айқындалды. Бас құжатта еліміздің ғылым мен білімге, инновацияға басымдық беретіні нақты көрсетілді», – деді президент.

Президент өз сөзінде жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналатынын айтып өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлемнің аса жоғары жылдамдықпен дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, қазіргідей құбылмалы, дүрбелеңге толы заманда бәсекеге қабілетті ел болып, көш соңында қалмай, өркениетті елге сай өсіп-өркендей беру қажет.

«Елімізде осы бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық негіз жасалып, Цифрлық кодекс қабылданды. «Жасанды интеллект туралы» Заң күшіне енді. Таяу арада Қазақстанның цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Бәріңізге белгілі, биыл елімізде – «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы». Сондықтан алдымызда әлі де көп жұмыс бар. Ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуіміз керек», – деді мемлекет басшысы.

Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы тәсілдерді үнемі жаңартып отыруды талап ететінін атап өтті.

«Есептеуіш инфрақұрылымын ілгерілету маңызды бағыт болып қала береді. Суперкомпьютер кластерінің іске қосылуы еліміздің технологиялық дербестігін нығайтудағы айтулы уақиға болды. Келесі мақсат – елімізде Деректерді өңдеу орталығы алқабын құру. Аталған ауқымды жобаны іске асыру жаңа инвестиция тартуға және өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициямызды күшейтуге мүмкіндік береді. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінен бастап креативті индустрияға дейінгі салаларды қамтиды. Жазда Астанада «Болашақ ойындары» өтеді. Дәстүрлі ережелер мен киберспортты ұштастыратын жарысқа әлемнің 50 елінен мыңға жуық спортшы қатысады. Жаңа спорт түрі озық технологияларды күнделікті тұрмысқа жедел бейімдеуге, ең бастысы, жастар арасында спортты насихаттауға жол ашады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.