Сауда орталықтарындағы балалар ойнайтын орындарды тек бірінші қабатқа ғана салу керек – депутат

Балалардың қауіпсіздігі мемлекет үшін тікелей жауапкершілік болуы тиіс

Сауда орталықтарындағы балалар ойнайтын орындарды тек бірінші қабатқа ғана салу керек – депутат
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Мархабат Жайымбетов премьер-министр Олжас Бектеновке балалардың қауіпсіздігіне қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат мемлекет басшысының кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі тапсырмаларын еске салып, қазіргі сауда және ойын-сауық орталықтарындағы балалар алаңдарының жағдайына алаңдаушылық білдірді.

Оның айтуынша, елде шамамен 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы және 70 мыңға жуық сауда нысаны жұмыс істейді. Солардың ішінде балалар ойын алаңдары кең таралғанымен, олардың қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігі күмән тудырады. Күн сайын бұл алаңдарға мыңдаған бала барады, ал демалыс және мереке күндері олардың саны бірнеше есеге артады.

Депутат балалардың қауіпсіздігі мемлекет үшін тікелей жауапкершілік болуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол сауда орталықтарындағы балалар алаңдарының орналасу логикасына да тоқталды. Оның айтуынша, кейбір нысандарда кинотеатрлар мен ойын алаңдары жоғарғы қабаттарға орналастырылады, бұл келушілер ағымын көбейту мақсатында жасалса да, қауіпсіздік тұрғысынан қолайсыз.

Жайымбетов санитарлық жағдайға да назар аударып, ойын жабдықтарының дұрыс залалсыздандырылмауы инфекция таралу қаупін арттыратынын айтты. Сондай-ақ мейрамханалардағы балалар аймақтарында санитарлық талаптардың сақталуы өзекті мәселе екенін жеткізді.

«Қызмет көрсету сапасы мен баға саясатының да бірізді емес. Әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктер барлық жерде бірдей қарастырылмайды, ал бірдей қызметтің бағасы әртүрлі нысандарда 30–50 пайызға дейін айырмашылық көрсетуі нарықтағы ашықтықтың жеткіліксіздігін көрсетеді. Сонымен бірге қызметкерлердің кәсіби даярлығының төмендігі төтенше жағдайларда қауіп төндіруі мүмкін», – деді депутат.

Осыған байланысты ол бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, балалар ойын алаңдарын тек ірі орталықтардың бірінші қабатында орналастыруды заңмен бекіту, эвакуациялық талаптарды қатаңдату, санитарлық залалсыздандыруды күшейту, қызметкерлерді міндетті оқытудан өткізу және баға саясатын ашық ету.

Сондай-ақ депутат әлеуметтік осал топтағы балаларға жеңілдіктерді барлық күндері бірдей қолдануды ұсынды. Жайымбетов депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.