Депутат көшеде агрессия танытқан адамдарды «Сергек» камерасына түсіріп алуды ұсынды
Ол қоғамдық мәдениет индексін енгізуді ұсынды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Құдайберген Бексұлтанов Мәжілістің жалпы отырысында қоғамдық этика мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет «Адал азамат» қағидатын қалыптастыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру әр азаматтың ішкі мәдениеті мен өзін-өзі тәртіпке келтіруінсіз мүмкін еместігін атап өткен.Алайда қазіргі таңда біз «моральдық сүзгілердің эрозиясын» байқап отырмыз. Қоғамда дөрекілік, агрессия және балағат сөздер күнделікті құбылысқа айналып, біздің мәдени кодымыздың негіздерін әлсіретіп отыр.Ұлы Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген. Қоғам мәдениеті сөйлеу мәдениетінен басталады», – деді ол.
Депутат атағандай, әлемдік тәжірибе моральдық тәрбие мен этикалық ортаны қалыптастыру бағдарламаларының тиімділігін көрсетеді.
«Мысалы, Жапонияда «Дотоку» атты моральдық тәрбие жүйесі мектептерде міндетті пән ретінде оқытылады, онда әлеуметтік жауапкершілік бағаланады. Финляндияда білім беру жүйесінде агрессия мен буллингке қарсы бағдарламалар іске асырылады, олар қауіпсіз және этикалық орта қалыптастыруға бағытталған», – деді Құдайбергенов.
Осыған байланысты депутат үкіметке мынадай кешенді шараларды іске асыру ұсынды:
Біріншіден, «Сергек» бейнебақылау жүйесіне агрессивті мінез-құлық танытқан тұлғаларды анықтау тетігін кіріктіру;
Екіншіден, өңірлер үшін қоғамдық мәдениет индексін енгізу арқылы жыл сайын «сөйлеу экологиясы» деңгейін және аймақтардағы қауіпсіздік жағдайын тәуелсіз социологиялық өлшеу жүргізу, оның нәтижелерін әкімдердің рейтингіне әсер ететін фактор ретінде қолдану;
Үшіншіден, білім беру процесін жаңғырту арқылы сөйлеу мәдениеті мен этикет бойынша арнайы модульдерді енгізу, Абайдың қағидаттарын оқу бағдарламасына кіріктіру және зорлық-зомбылықсыз коммуникация дағдыларына міндетті тестілеу енгізу;
Төртіншіден, «Таза ниет – Таза сөз» жалпыұлттық бастамасын кеңейтіп, оны сөйлеу мәдениетін жақсартуға бағытталған жеке бағыт ретінде дамыту;
Бесіншіден, мемлекеттік тапсырысты мәдениетті, интеллигентті және табысты қазақстандық бейнесін насихаттайтын контент жасауға бағыттау;
Алтыншыдан, сөйлеу мәдениетін және ұлттық әдебиетті насихаттайтын блогерлер мен инфлюенсерлерге арнайы гранттар бөлу.
«Әлихан Бөкейхан айтқандай, ұлтқа қызмет ету адамның мінезіне байланысты. Біз мәдениетті болу жоғары мәртебе саналатын, ал дөрекілік әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатын орта қалыптастыруымыз қажет», –деді ол.