«Концерт билетін делдалдардан алмаңыздар»: ІІМ алаяқтық бойынша үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі азаматтарды сақ болуға шақырады

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға концерттер мен бұқаралық іс-шараларға билеттерді сатып алу кезінде алаяқтық әрекеттер болуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, интернетте билеттерді сату немесе алып-сату бойынша күмәнді ұсыныстар кездесуі мүмкін.

Интернет желісінде концерттер мен бұқаралық іс-шараларға билеттерді сатып алу немесе алып-сату бойынша жалған хабарландырулар, сондай-ақ делдалдардан ұсыныстар кездесіп жатады. Алаяқтар билеттерді сатып алуда көмек ұсынады немесе оларды қымбат бағаға сатады. Одан бөлек, жалған билеттер таратуы да мүмкін. Оларға сенген адамдар ақша аударып, соңында билетсіз қалуы ықтимал.

«Ішкі істер министрлігі азаматтарды сақ болуға шақырады және кез келген іс-шараға билеттерді тек ресми әрі тексерілген жерлерден сатып алуды ұсынады. Бейтаныс адамдарға ақша аудармаған абзал», – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.