Үкімет Қазақстандағы ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізеді
Алайда, қашан жеткізетіні белгісіз
Қазақстандағы ең төменгі жалақының мөлшерін 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы үкімет кулуарында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, үкімет ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру мәселесін қарастырып отыр. Алайда, ең төменгі жалақы нақты қашан 150 мың теңге болатыны әлі белгісіз.
Азамат Әмриннің айтуынша, бұл шешім бір ғана факторға емес, бірнеше экономикалық көрсеткішке байланысты қабылданады.
«Жалпы әлемде ең төменгі жалақы медианалық жалақының шамамен 50% құрайды. Біздің елдегі медианалық жалақы – шамамен 302 мың теңге. Сондықтан ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу біздің жақын уақыттағы мақсатымыз. Бірақ бұл қалай жүзеге асады, ол қазіргі есептеліп жатқан бюджетке байланысты», – деді ол.
Сондай-ақ вице-министр ең төменгі жалақыны көтеру мүмкіндігі мемлекеттік бюджеттің кірісіне тікелей тәуелді екенін атап өтті.