СҚО-да түнгі уақытта көлігімен дрифт жасаған жігіт өзі күтпеген жағдайға тап болды (ВИДЕО)

Петропавлда түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті бұзған жүргізуші жауапқа тартылды

СҚО-да түнгі уақытта көлігімен дрифт жасаған жігіт өзі күтпеген жағдайға тап болды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Петропавл қаласының тұрғындарынан 11 сәуірге қараған түні бірнеше шағым түскен. Түнгі сағат үш шамасында екі автокөлік тұрғындардың тыныштығын алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жастардың кездесуі жай ғана әңгімелесу емес, түнгі ермекке ұласқан. Жүргізушілердің бірі экстремалды көлік айдау әрекетін жасаған. Көліктердің қатты гүрілі жақын маңдағы тұрғындардың және жаяу жүргіншілердің мазасын алған.

«Қала тұрғындары BMW автокөлігін тізгіндеген белгісіз жүргізушінің қоғамдық тәртіпті бұзып, қауіпті маневрлер жасағанын хабарлаған. Ол әдейі дрифт жасап, жол ережелерін бұзған», – деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.

Жас жүргізушіге төрт бірдей әкімшілік хаттама толтырылған. Олардың қатарында маневр жасау қағидаларын бұзу, апатты жағдай туғызу, тыныштықты алу және ұсақ бұзақылық бар.

Жалпы айыппұл сомасы шамамен 130 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, «жас шумахер» ұсталып, Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау камерасына қамалды.