Астанада тұрғындарды алдап, миллиондаған шығын келтірген пәтер жөндеуші анықталды

Жөндеу жұмыстары аяқсыз қалып, сатып алынған материалдар жоғалып кеткен

Астанада тұрғындарды алдап, миллиондаған шығын келтірген пәтер жөндеуші анықталды
Фото: © istockphoto.com

Астана қаласының тұрғыны Саида Есенова пәтер жөндеу кезінде алаяқтың құрығына түскенін айтып, дабыл қақты. Жәбірленуші күдіктіні өзі ұстап, полицияға тапсырса да, тәртіп сақшылары оны босатып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жәбірленуші Саида Есенова Мұрат есімді ісмерді тұрғындардың ортақ чатынан тапқан. Күдікті өте сенімді сөйлеп, тіпті сол үйдегі «дайын» нысанды көрсеткен. Алайда, кейін анықталғандай, ол басқа нөмір арқылы өзіне өзі пікір жазған.

Келісімнен кейін Саида құрылыс материалдары мен жұмыс кезеңдері үшін қомақты қаражат аударған. 

Нәтижесінде жөндеу жұмыстары аяқсыз қалып, сатып алынған материалдар жоғалып кеткен. Ал жөндеуші болса хабарға шықпаған. 

Саиданың жеке зерттеуі бойынша, күдіктінің шын есімі – Азимов Бобомурод Ботирович. Ол Өзбекстан азаматы болып шыққан. Бұған дейін Қазақстан мен Ресейден депортацияланғанына қарамастан, ел аумағында заңсыз жүрген.

«Ол өзін туған бауырының құжаттарымен таныстырып, өзге есімді жамылған. Жұмысқа кездейсоқ адамдарды жалдап, олардың ақысын төлемей, тіпті пәтерлердің құлпын ауыстырып, құрал-саймандарды ұрлап кетіп отырған», — дейді Саида.

Жәбірленуші күдіктінің ізіне түсіп, оны өзі ұстап полиция бөлімшесіне апарған. Бірақ құқық қорғау органдары оны көп ұзамай босатып жіберіпті. Саиданың айтуынша, полиция қызметкерлері «Ақшаны қайтара алмайсыздар, азаматтық сотқа жүгініңіздер» деп қысқа қайырған.

Жалған шебер Саида Есеноваға 3,6 млн теңге шығын әкелсе, көршісінің 1,5 млн теңгесін жымқырған. 

Тұрғын бұл жағдайды көші-қон бақылауындағы жүйелі шикілік деп есептейді. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне шағым түсірді.

Қазіргі уақытта ҰҚК Шекара қызметі мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша қызметтік тексеріс бастады. Ал жалған құжат пайдалану мен алаяқтыққа қатысты материалдар ІІМ-ге жолданды.