«Shymkent Half Marathon – 2026»: «AMANAT» партиясы салауатты өмір салтын насихаттады

Ауқымды іс-шараға мегаполистің 3 мыңға жуық тұрғыны қатысты

«Shymkent Half Marathon – 2026»: «AMANAT» партиясы салауатты өмір салтын насихаттады
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының қолдауымен Шымкент қаласы әкімдігі «Shymkent Half Marathon – 2026» марафонын ұйымдастырды. Бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген ауқымды іс-шараға мегаполистің 3 мыңға жуық тұрғыны мен қонақтары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Осы орайда, Шымкент қаласында ұйымдастырылған бұл игі іс-шара азаматтардың төзімі мен ерік-жігерін шыңдайтын аса маңызды алаңға айналды. 

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, сондай-ақ елге танымал тұлғалар – Марат Достаев, «Миллион» жайдарман командасы, спорт саңлақтары Арман Оспанов пен Біржан Жақыпов, мәслихат депутаттары, еріктілер және қала тұрғындары қатысты.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бұл бастама қоғам үшін аса маңызды екенін айтты.

«Бүгінгі марафон – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – салауатты өмір салтын ұстанатын белсенді қоғам қалыптастыруға бағытталған байыпты бастама. Мемлекет басшысы алғақойған міндеттерді жүйелі жүзеге асыру жолында қолға алынған осындай бұқаралық іс-шаралар ерекше маңызға ие. Қатысушылардың әрқайсысына сәттілік тілеймін, бастысы – жеңіс емес, белсенділік пен денсаулық!», – деді ол.

Жарыс бағдарламасы барлық жас ерекшеліктерін қамтыды: балалар 500 метр қашықтықта бақ сынаса, ересектер 5, 10 және 21,1 шақырым аралығында жүгірді. Қатысушылардың спорттық әлеуеті 30 жасқа, 40 жасқа, 50 жасқа дейінгі және 50 жастан жоғары санаттары бойынша бағаланды. Нәтижесінде үздік спортшылар арнайы алғыс хаттармен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Марафонда ерекше көзге түскенспортшылардың бірі – 11-сынып оқушысы Рамазан Өскенәлиев. Ол 5 шақырымдық қашықтықты небәрі 17 минутта жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды.

«Бұл марафонға тыңғылықты дайындалдым. Бүгін сол еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Бұған дейін де қатысқанмын, бірақ бұл – алғашқы жеңісім. Осындай мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – деді жас жеңімпаз.

Іс-шара барысында қатысушыларға барлық жағдай жасалды. Жүгірушілерге су мен жеміс-жидек таратылды. Сондай-ақ көрермендер мен қатысушыларға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, сахна жұлдыздарының өнері қатысушыларға ерекше серпін берді.