Танымал қазақстандық альпинист Ғалымжан Құспанов «AMANAT» партиясының қатарына қосылды
Келесі аптада Ғалымжан Құспанов өз мансабындағы биіктігі 8 мың метрден асатын үшінші шыңға шығуды жоспарлап отыр
Даңқты спортшыға партиялық билетті Ерлан Қошанов табыстады. Ғалымжан Құспанов Эверест пен Манаслу сынды биіктігі 8 мың метрден асатын екі шыңды, сондай-ақ жер бетіндегі ең биік жеті жанартауды бағындырды: Сидлей (Антарктида), Охос-дель-Саладо (Оңтүстік Америка), Гелуве (Аустралия), Килиманджаро (Африка), Эльбрус (Еуропа), Демавенд (Азия) және Орисаба (Солтүстік Америка). Ол халықаралық «7 Жанартау» бағдарламасын орындаған алғашқы қазақ және әлемдегі 67-ші адам атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келесі аптада Ғалымжан Құспанов өз мансабындағы биіктігі 8 мың метрден асатын үшінші шыңға – Гималайдағы Лхоцзе шыңына (биіктігі – 8516 метр) шығуды жоспарлап отыр. Ол еліміздегі оң өзгерістердің символы ретінде жаңа Конституцияны өзімен бірге алып шығуды көздеп отыр. Бұл өзгерістер Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етіп, халқымызды мүлде жаңа биіктерге көтеруге тиіс.
Сонымен қатар альпинистке «AMANAT» партиясының туы табысталды. Ол оны Лхоцзе шыңына тігуді жоспарлап отыр.
«Ел игілігі жолында жұмыла жұмыс етіп жатқан біртұтас команданың бір бөлігі болу – мен үшін үлкен мәртебе. Альпинизм маған командада жұмыс істеуді үйретті, берілмеуге, соңына дейін баруға және әрбір шешім үшін жауапкершілік арқалауға баулыды. Бұл қағидаттар – партия ілгерілетіп отырған құндылықтармен үндеседі. Сондықтан мен партиямыздың туын жер бетіндегі ең биік шыңдардың біріне тіккім келеді», – деді Ғалымжан Құспанов.
Ерлан Қошанов спортшымен әңгімелесу барысында қазақстандық альпинизмнің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Бүгінде мемлекет пен Президент осы спорт түріне қолдау көрсету мәселесін жіті бақылауға алғаны айтылды. Бұған жуырда аңызға айналған альпинист, жаттықтырушы әрі тәлімгер Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының берілуі айқын дәлел болып отыр. Осы салтанатты рәсім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ақордада өтіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жан-жақты жарияланды.

Партия төрағасы «AMANAT» партиясы тау туризмін дамыту ісіне де белсенді атсалысып жатқанын атап өтті. Мәселен, былтыр «Алатау аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыру жұмысы басталды. Ол –ұзындығы 1500 шақырымнан асатын алғашқы ауқымды ұлттық туристік соқпақ желісі. Болашақта бұл соқпақ Шарын шатқалынан бастап, Таңбалы археологиялық кешеніне дейінгі Іле Алатауының негізгі табиғи және мәдени нысандарын байланыстырады. Ол биік таулы аймақтар, көлдер мен өңірдегі ірі тау курорттары арқылы өтеді. Нәтижесінде табиғат, тарих және белсенді демалыстың заманауи форматын біріктіретін біртұтас туристік экожүйе қалыптасады.
Бұл бастама халықаралық деңгейде де мойындалды: 2025 жылдың қорытындысы бойынша, жоба UN Tourism – Fédération Internationale de l’Automobile Awards for Excellence in Sustainable Sports Tourism сыйлығы аясында берілетін беделді Recognition of Excellence марапатына ие болды. Қазақстандық жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің үздік үлгісі аталымында ерекшеленіп, туристік инфрақұрылымды дамытудың тиімді моделін көрсетті.
Анықтама үшін: Бүгінде қазақстандық альпинист Ғалымжан Құспанов жеті құрлықтағы ең биік жеті шыңның алтауын бағындырды. Маусым айында АҚШ-тағы Денали шыңына экспедиция жоспарланып отыр. Бұл қадам 7 ШЫҢ жобасының барлық тәжін иеленуге мүмкіндік береді.