Тоқаев боксшыларды Азия чемпионатындағы жеңісімен құттықтады

Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы саны 13 медаль жеңіп алды

Тоқаев боксшыларды Азия чемпионатындағы жеңісімен құттықтады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев; Фото: Спорт министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын Ұлан-Батырда өткен Азия біріншілігінде табысты өнер көрсетуімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент спортшыларымыз жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін көрсеткенін атап өтті.

Құттықтауда Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Надежда Рябец және Дина Исламбекова секілді спортшылардың жеңіс тұғырына көтеріліп, ортақ жетістікке зор үлес қосқанына назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің әлемдік жарыстарда көк байрағымызды биікте желбірете берулеріне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, осыған дейін Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы саны 13 медаль – 6 алтын, 2 күміс, 5 қола жеңіп алды.