Астанада салық төлемеген жүргізуші көлігінен айырылды
«Борышкер» ЖПІШ аясында елордалық полиция борышкерлерге қарсы шараларды күшейтті
Астанада 500 мың теңге көлемінде салық төлемеген жүргізуші «Toyota» маркалы көлігінен айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Рейдтік іс-шаралар барысында 2000-нан астам әкімшілік айыппұл мен берешек өндіріліп, 20 автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Мәселен, «Toyota» маркалы автокөліктің иесі жыл сайынғы салықты төлемегені үшін анықталды. Қарыз сомасы 500 мың теңгеден асқан. Аталған факті бойынша көлік коммуналдық тұраққа қойылды, иесі берешекті толық өтегеннен кейін ғана көлігін қайтарып ала алады.
«Астана қаласының Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген ережелерді қатаң сақтауға шақырады. Оларды сақтамау азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Естеріңізге саламыз, «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізі болып табылады. Оны мүлтіксіз сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Кез келген құқықбұзушылық дер кезінде анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұлтартпай тоқтатылады», – делінген ПД хабарламасында.