«Үй емес, үйшік»: Астанада BI Group салған қымбат үйдің қабырғасына су толып, тұрғындар үш жылдан бері тоңып жүр
Шағым айтқан тұрғындар үш жылдан бері пәтерінде жапа шегіп отыр
Гүлден есімді астаналық threads әлеуметтік желісінде Айдын Рахымбаев басқаратын BI Group компаниясының сапасыз құрылысынан жапа шегіп отырғанын жазған. Олар үш жыл бойы өз пәтерлерінде тоңып отырғанын жеткізді. Алайда проблема осы күнге дейін шешілмей келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жәбірленуші еліміздегі ең ірі құрылыс компаниясына қатысы бар адамдардың барлығына шағымданған.
«Біз осы компанияға, оған қатысы бар барлық адамдарға, сондай-ақ компания иесі Айдын Рахымбаевқа өз пәтерімізде сапасыз құрылыс салдарынан тоңып отырғанымыз туралы жаздық. Ол көмектесуге уәде берген еді, бірақ бұл уәде іс жүзінде орындалды ма – сұрақ ашық күйінде қалды. Рахымбаев өз компаниясына шынымен ықпал ете ала ма? Шу шыққаннан кейін көмек келді, бірақ біз мұндай көмекті күтпедік. Бізді тыңдап, диалог орнайды деп үміттендік. Алайда бізді керісінше «үнімізді өшіруге» тырысып жатқандай әсер қалдырды», - деп жазған ол.
Оның айтуынша, олар 2024, 2025, 2026 жылдың қысында өз үйлерінде жылына алмай кеткен.
«Бұл – Greenline тұрғын үй кешеніндегі BI Group салған пәтер. Пәтердегі қабырғалардың температурасы 10 градусқа дейін төмендейтіні тіркелген. Ақыры бірнеше мәрте шағымданғаннан кейін қозғалыс болды. Ғимараттың қаптамасы мен іргетасы ашылып кеткен. Яғни, іргетастың ылғалды екені анықталды. Бізге өзін BI инженерлері ретінде таныстырған мамандар гидроизоляция жоқ екенін, судың жиналып қалғанын айтты. Сондықтан пәтер суық болған. Минералды мақта да суланып, қарайып, үгітіліп кеткен, яғни жылу сақтау қасиетін жоғалтқан», - деді жәбірленуші.
Тұрғынның айтуынша, жөндеу жоспары жасалып, гидроизоляция мен жылу оқшаулау жұмыстары кезең-кезеңімен жазылды.
«Тіпті BI Group-тың заңгері қатысып, барлық әрекет қағаз жүзінде бекітілді, өйткені компания бөлімдері өзара келісе алмай, бір-біріне қайшы пікір айтқан. Сонымен қатар бізге 18 ай бойы жылытқыштарды тәулік бойы қосқанымыз үшін электр энергиясына 100 мың теңге өтемақы ұсынылды. Бірақ шын мәнінде шығын бұдан әлдеқайда көп болды. Жұмыс басталғанымен, бір сәтте бәрі жоспардан ауытқыды. Келісімде жоқ химиялық гидроизоляция қолданылды, онда өткір бояу иісі бар. Инженер оны «праймер» деп түсіндірді, техникалық қадағалау ұсынғанын айтты. Иіс екі күнде кетеді деді. Алайда бес күн өтсе де, иіс кетпей, пәтерге кіріп тұр. Біз жаңа туған сәбиі бар отбасы ретінде осы уытты иістің ішінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл жағдай қатты алаңдатады. Мен ТЖМ-ге де, iKomek орталығына да хабарластым, бірақ олар тек шағым қабылдай алатынын айтты», - дейді ашынған ана.
Жазба авторы балаларының денсаулығы үшін алаңдап, компания өкілдерінен болмағанда ауа тазартқыш сұраған. Бірақ, бұл өтініші де елеусіз қалған.
«Оның орнына бізге келісімшарт ұсынған. 100 мың теңге төленгеннен кейін біз BI Group-қа ешқандай талап қоймаймыз, улану туралы шағымданбаймыз және компания туралы теріс пікір айтпаймыз деген шарт қойып отыр. Бұл жағдай шын мәнінде ауыр. Қазір тек балалар үшін қорқып отырмыз», - дейді ол.
Гүлден әлеуметтік желі арқылы олардың мәселесі шешілетініне сенеді.