Павлодарда жүздеген жүргізуші ұзақ жыл көлік айдай алмайтын болды

Олар ішімдікке мас күйде көлік жүргізіп бара жатқан жерінен ұсталды

Павлодарда жүздеген жүргізуші ұзақ жыл көлік айдай алмайтын болды
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет»

Павлодар облысында жыл басынан бері полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізген 267 жүргізушіні анықтап, жауапқа тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанда заңнаманың қатаңдатылғанына қарамастан, яғни 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылғанына қарамастан, павлодарлық тәртіп сақшылары күн сайын кемінде 6 жүргізушіні ұстайды.

Мәселен, Павлодарда рейд барысында патрульдік полиция экипажы алдымен Toyota Carina автокөлігін, кейін жүргізушінің күмәнді әрекеттеріне байланысты тағы бір LTM көлігін тоқтатты. Көліктер жол бойымен сенімсіз қозғалып, қауіпті маневрлер жасаған, бұл инспекторлардың назарын аударды. Құжаттарды тексеру кезінде полицейлер жүргізушілерден масаң күйдің айқын белгілерін байқады. Медициналық куәландыру олардың екеуінің де алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Сондай-ақ Павлодар ауданында мас күйінде мотоцикл басқарған жүргізуші ұсталды.

Көлік құралдарын мас күйінде басқарған барлық жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, материалдар сотқа жолданды. Автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды.

«Жүргізушілер заң бұзатынын біле тұра рөлге отырған. Мас күйінде көлік басқаруға жол беретін әрбір адам бұл жай ғана құқық бұзушылық емес, қылмыс екенін түсінуі тиіс. Мұндай әрекеттің соңы әрдайым бір – жүргізуші куәлігінен және көлігінен айырылу, ал ең жаманы – адам өмірінің қиылуы. Біздің басты мақсатымыз – жолдарда ымырасыз тәртіп пен қауіпсіз ортаны қалыптастыру», – деп атап өтті Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Қалиақпаров.

Тәртіп сақшылары профилактикалық рейдтерді жалғастырып, жүргізушілерді заң талаптарын және жол қозғалысы тәртібін қатаң сақтауға шақырады.