Қазақстандық 48 мың оқушы кітап оқу марафонының бірінші кезеңінен сәтті өтті
Жобаға 87 мыңнан аса оқушы қатысты
«Кітап оқитын мектеп» бағыты бойынша жобаға Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласынан 6-10 сынып аралығындағы 87 157 оқушы қатысты. Соның ішінде 48 684 оқушы кітаптардың мазмұнын тексеруге арналған тестілеудің бірінші кезеңіне өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқуға арналған кітаптар тізіміне қазақ және әлем әдебиетінің классиктері енді. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Мағауин, Ілияс Есенберлин шығармаларымен қатар Марк Твен, Даниель Дефо, Джоан Роулинг, Жюль Верн және басқа да авторлардың туындылары қамтылды. Кітаптардың толық тізімімен reading-nation.kz сайтында танысуға болады.
2025 жылы бастау алған «Кітап оқитын ұлт» жобасының басты мақсаты – кітап оқу мәдениетін жаңғырту, оқырмандық сауаттылықты дамыту және әдебиетке деген тұрақты қызығушылық қалыптастыру.

Алғашқы кезеңнің нәтижелері айтарлықтай жоғары. Үш пилоттық өңір бойынша жобаға қатысқан оқушылар саны:
Қарағанды облысы – 12 025 оқушы:
- 6-сынып – 2 554;
- 7-сынып – 2 773;
- 8-сынып – 2 523;
- 9-сынып – 2 434;
- 10-сынып – 1 741.
Қостанай облысы – 16 550 оқушы:
- 6-сынып – 3 300;
- 7-сынып – 3 545;
- 8-сынып – 3 931;
- 9-сынып – 3 652;
- 10-сынып – 2 122.
Шымкент қаласы – 20 109 оқушы:
- 6-сынып – 4 222;
- 7-сынып – 4 714;
- 8-сынып – 4 297;
- 9-сынып – 4 045;
- 10-сынып – 2 831.
Жалпы қатысқан — 48 684 қатысушы.

Ерекше белсенділік 7–8 сынып оқушылары арасында байқалды – дәл осы буында кітап оқуға деген қызығушылық жоғары болды. Қатысушылар тек кітап оқумен шектелмей, шығармалардың мазмұнын, негізгі идеяларын және авторлық ұстанымдарын қаншалықты терең түсінгенін көрсететін күрделі тестілеуден өтті.
«Бұл нәтижелер қазақстандық оқушылар арасында кітап оқуға деген нақты сұраныстың бар екенін көрсетеді. Біз формалды қатысуды емес, кітапқа деген шынайы қызығушылықты көріп отырмыз», – деп атап өтті «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының өкілдері.
Мектепішілік кезең қорытындысы бойынша жеңімпаздар енді аудандық және облыстық деңгейде командалық форматта бақ сынайды. Жобаның финалдық нәтижелері Ұлттық кітап күні қарсаңында жарияланады деп жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда «Кітап оқитын ұлт» жобасына пилоттық режимде 189 мыңнан астам адам қатысуда. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері, педагогтер, отбасылық әулеттер және мемлекеттік қызметшілер бар.
Жоба «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласының әкімдіктерімен бірлесіп, «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырылуда.