БҰҰ Израильдің Ливан аумағына жасаған жаппай соққыларын айыптады
Бас хатшы барлық тарапты дереу соғыс қимылдарын тоқтатуға тағы да шақырады
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израильдің Ливан аумағына жасаған жаппай соққыларын қатаң айыптады. Бұл туралы оның ресми өкілі Стефан Дюжаррик мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Бас хатшы бейбіт тұрғындардың қаза табуын қатаң айыптайды және азаматтар арасындағы құрбандар санының артуына қатты алаңдаулы», – деді С. Дюжаррик.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, шабуылдар салдарынан жүздеген бейбіт тұрғын, оның ішінде балалар қаза тауып немесе жарақат алған.
Оның айтуынша, Ливандағы жалғасып жатқан әскери әрекеттер АҚШ пен Иран арасындағы бітімге және өңірде тұрақты әрі жан-жақты бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған күш-жігерге үлкен қауіп төндіреді.
«Бас хатшы барлық тарапты дереу соғыс қимылдарын тоқтатуға тағы да шақырады», – деді ол.
Сонымен қатар, халықаралық құқық әрдайым сақталуы тиіс екенін, бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандар қорғалуы керектігін және оларға жасалған кез келген шабуылдың жол берілмейтінін атап өтті.
С. Дюжаррик әскери жолмен бұл қақтығыстың шешімі жоқ екенін атап өтіп, Антониу Гутерриш барлық тарапты дипломатиялық жолдарға жүгінуге және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі-нің 1701 қарарын толық орындауға шақырып отырғанын жеткізді.