Қайрат Боранбаевтың Астанадағы қымбат қонақ үйі мен фитнес орталығы әкімдікке «керек болмай» қалды
Енді әкімдік екі нысанды сатуға шығарады
Бүгін Астана қаласының мәслихатындағы қоғамдық тыңдауда Fitnation фитнес орталығы мен Comfort Hotel Astana қонақ үйін әкімдіктің балансында ұстау тиімсіз екені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ең көп талқылау фитнес орталыққа қатысты болды. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит орталықты мемлекет меншігінде қалдырып, спортшыларды даярлауға пайдалануды ұсынды. Алайда мәслихат депутаты Кендебай Адамбеков президент тапсырмасы мен үкімет қаулысын негізге ала отырып нысанды сату қажет екенін айтты.
Нәтижесінде тараптар ғимаратты жекешелендіру туралы шешімге келіп, ал ішіндегі спорттық жабдықтарды бөлек сақтап, қажетке жаратуды ұйғарды.
Сонымен қатар Comfort Hotel Astana қонақ үйі де сатылымға шыққан. Қазір ол сенімгерлік басқаруда.
Жалпы, мәслихатта айтылғандай, жыл соңына дейін барлық нысанға нарықтық баға қойылады. Алдымен оларды қазіргі басқарушыларға сатып алу ұсынылады. Бас тартқан жағдайда активтер ашық саудаға шығарылмақ.
Айта кетейік, бизнесмен Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Алматыдағы «Алмалы» сауда үйі 2024 жылдың қысында балалардың Ғылым музейі ғимаратына берілген еді.