Ақтөбеде облыс әкімдігі ғимаратындағы өрт толық сөндірілді: тергеу тобы құрылды

Өрт әр жерде шыққан үш ашық ошақтан басталғаны анықталды

Ақтөбеде облыс әкімдігі ғимаратындағы өрт толық сөндірілді: тергеу тобы құрылды
Фото: ҚР ТЖМ

Ақтөбеде облыс әкімдігі ғимараты шатырының өрті 300 шаршы метр аумақта толық сөндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ-нің Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Оқиға орнында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров арнайы тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.

«Сағат 21:00-де бізге әкімдік шатыры өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Бір сағат ішінде өрт оқшауланды, толық жою жұмыстары осы уақытқа дейін жалғасты. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында ТЖД-ның 31 техникасы мен 106 қызметкері жұмыс істеді. Қосымша айналадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери жасақ та келді. Тағы да қайталап айтамын: зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Оқиғаға байланысты арнайы тергеу тобы құрылды, олар болған жайттың нақты қорытындысын береді. Ертең әкімдік еркін кестемен жұмыс істейді, бірақ қызметкерлердің көбі онлайн форматқа ауысуы мүмкін», – деді өңір басшысы.

ТЖМ мәліметінше, Ақтөбе облыстық ТЖД құтқарушылары шақырту түскен сәттен бастап бес минут ішінде оқиға орнына жеткен. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде ғимараттың әртүрлі бөлігінде үш ашық өрт ошағы байқалған.

Өрт сөндіру оқпандары дереу іске қосылып, тілсіз жауды толық ауыздықтау үшін барлық шара қабылданды. Су үздіксіз беріліп тұрды.

«Өртті сөндіру жұмыстары жалынның үлкен аумаққа тез таралуы, жанғыш материалдардың көп болуы, қою түтін, жоғары температура және ғимараттың құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты күрделене түсті. Өртті сөндіруге 140-тан астам жеке құрам және 40-қа жуық техника жұмылдырылды. ТЖМ күштері өртті 300 шаршы метр аумақта толық жойды. Себебі анықталып жатыр», – деп мәлімдеді министрлік.