Қарағандыда үстіне бензин құйып, өзін өртеп жібермек болған ер адам жазаланды (ВИДЕО)

Ер адамға айыппұл салынды

Қарағандыда үстіне бензин құйып, өзін өртеп жібермек болған ер адам жазаланды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Қарағандыда «Горняк» базары маңында үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртемек болған ер адамға сот айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облысы соттарының мәліметінше, Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамға қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша істі қарады. Сот анықтағандай, 2026 жылғы 26 наурызда ол қоғамдық орында өүстіне бензин құйып, өзін өртемек болған әрекеттер жасаған. Сонымен қатар, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын өрескел бұзған.

Қала тұрғынының кінәсі өзінің мойындауымен, куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді. ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік деңгейін, құқық бұзушының жеке басын, сондай-ақ жеңілдететін мән-жайларды – кінәсін мойындауы, өкінуі, құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы және созылмалы ауруының (астма) бар екенін ескерді.

Сот қаулысымен ер адамға 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 26 наурыз күні Қарағандыдағы «Горняк» базары маңында ер адам үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртемек болған. Оқиға орнына жедел қызметтер жеткен.

Полицейлердің мәліметінше, 33 жастағы қала тұрғыны базар әкімшілігімен жанжалға түскен – өзіне тиесілі сауда контейнерлерін ала алмаған. Келіссөздерден кейін ол өз әрекетінен бас тартып, мәселені шешу үшін әкімдікке барған.