Алматыда әйел адам екі жасар баласын абайсызда көлігіне қамап қойған

Көмекке әскери қызметкерлер жетті

Алматыда әйел адам екі жасар баласын абайсызда көлігіне қамап қойған
Фото: istockphoto.com

Алматыда әйел адам баласын көлігінің ішінде кілтімен бірге абайсызда қамап қойды. Ол көмек сұрап, жанынан өтіп бара жатқан әскери қызметкерлерге жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери қызметшілері аға лейтенант Ержан Әбдібаев пен ефрейтор Әлібек Оқанов екі жастағы сәбиі көлік ішінде қамалып қалған әйелге көмек көрсетті.

Оқиға туралы баланың анасының әлеуметтік желіде жариялаған жазбасынан белгілі болды.

Оның айтуынша, көліктің кілтін абайсызда ішінде қалдырып кеткен. Дабыл жүйесі іске қосылып, есіктер автоматты түрде құлыпталып қалған. Ал машина ішінде екі жасар ұлы қалып қойған.

«Мен абдырап, не істерімді білмей, қатты қорқып кеттім. Әскери формадағы адамдарды көріп, солардан көмек сұрадым», – дейді ол.

Қызметтен қайтып келе жатқан әскери полиция өкілдері жағдайды бірден бағалап, көлікті ашуға кіріскен.

Олар 10-15 минуттың ішінде көліктің есігін ашып, баланы аман-есен сыртқа алып шықты. Сәбиге медициналық көмек қажет болмаған.

Баланың анасы көрсеткен көмегі үшін аға лейтенант Ержан Әбдібаев пен ефрейтор Әлібек Оқановқа алғысын білдіріп, олардың жедел қимылы мен жанашырлығын ерекше атап өтті.