Қазақстандық боксшы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды

Ол жартылай финалда қытайлық боксшыдан жеңіліп қалды

Қазақстандық боксшы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды
Фото: Olympic.kz

Қазақстандық боксшы Валентина Хальзова Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

75 келіге дейінгі салмақта финалға шығу үшін өткен жекпе-жекте Хальзова қытайлық Бао Цзыимен қолғап түйістірді.

Отандасымыз алғашқы раундты 4:1 есебімен өз пайдасына шешті. Екінші раундта да Валентина аз ғана басымдықпен алға шықты.

Алайда шешуші раундта төрешілер жеңісті Цзыиге берді. Осылайша, қытайлық боксшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетті (ереже бұзғаны үшін қазақстандық боксшының ұпайын алып тастады). Ал Валентина Хальзова Азия чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.

Айта кетейік, осыған дейін Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) финалға жолдама алған болатын.